Құрметті алматылықтар! Қазақстандықтар!

2023 жылғы 19 наурызда жаңа сайлау жүйесі бойынша елімізде Мәжіліске алғашқы сайлау өтеді. Осы жолы, яғни 19 жылда алғаш рет алматылықтар Мәжіліс депутаттарын партия ұсынған тізімнен емес, өз қалауы бойынша таңдай алады. Сіздер шын мәнінде нағыз Халық депутатын таңдайсыздар деп үміттенемін!


Жаңа Мәжіліс Үкіметтің есеп беріп отыруын және еліміздің саяси өміріне қазақстандықтардың тікелей қатысуын қамтамасыз ететін ықпалды заң шығарушы орган болуы тиіс.
Мен, Әсет Матаев 1985 жылы Қарағандыда дүниеге келдім, 1991 жылдан бастап Алматыда тұрамын. 2005 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «журналистика» мамандығы бойынша, 2008 жылы Georgian Institute of Public Affairs магистратурасын «медиа менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдадым.
Ал еңбек жолымды шолу-талдау журналының тілшісі болып бастадым, әр жылдары түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істедім. Магистратураны аяқтағаннан кейін әкем екеуміз ҚазТАГ халықаралық ақпараттық агенттігін (2008 жылдан бастап) құрдық.
Өзекті мәселелердің бетін ашатын бұқаралық ақпарат құралдары қоғам мен билік арасындағы көпір болып табылады. Бізге құқық қорғау және сот жүйелерінің озбырлығына, жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігіне және жалпы әділетсіздікке шағымданған халықтан көп хат келіп түседі. Мен кезінде өзіме тағылған кінәні мойындамай, қудалауға ұшырадым, түрмеде заңсыз отырып шықсам да біздің елімізде Әділдікке қол жеткізуге болатынын түбінде дәлелдедім! Мен Сіздердің де әділ талаптарыңызды табанды қорғайтын боламын!
Еліміздегі ең ірі мегаполис саналатын Алматымыздың түйінді мәселелерін талдай отырып, мен назарларыңызға ұсынып отырған бағдарламаммен Парламентте халықтың мүддесін қорғауға шешім қабылдадым. Менің ұраным: Ниет пен Амал! Ниет пен Әрекет!
Өкінішке орай, біздің қоғамда ниет әрқашан амалға жалғаса бермейді! Сондықтан бұл бағдарламамда бос сөз жоқ. Сайлауға дейін белгілі сарапшылармен бірлесіп әзірленген осынау бағдарлама уақыт келген кезде іс жүзінде жүзеге асырылатын болады.

Әлеуметтік сала әрқашан бірінші орында тұруы керек!
Азық-түлік пен бірінші кезекте қажет тауарлар бағасының, коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі барша қазақстандықтардың уайымы. Дәрігерлер мен медбикелердің, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың жалақысын, сондай-ақ студенттердің шәкіртақысын өсіру бастамасын көтеремін. Азық-түлікпен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, азаматтарды бензинмен және дизельмен қамтамасыз ету салаларындағы делдалдар тізбегін түп-тамырымен жоюды ұсынамын. Бұл шара азаматтардың әл-ауқатын арттырады, сондай-ақ өңірлер мен Қазақстанның дамуына ықпал етеді.
Мектептер мен балабақшалардың жетіспеушілігі қаламыздағы өзекті мәселе. Бұл проблеманы шешу үшін әкімдік құрылыс компанияларынан салып жатқан тұрғын үй кешендерін әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуді сұрауы қажет.
Алматыда 250 мың студент оқиды, ал жатақхана жеткіліксіз. Алматыда тамақтану да, тұрғын үйді жалға алудың шығындары басқа қалаларға қарағанда бірнеше есе қымбат. Алматы студенттерінің шәкіртақысын ең төменгі жалақы мөлшеріне дейін ұлғайтуды заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынамын. Шәкіртақының қазіргі мөлшері төменгі жалақының мөлшерінен 2 есе аз.

Алматыда 55 мыңнан астам мүгедек, мүмкіндіктері шектеулі адамдар тұрады және жыл сайын бұл көрсеткіш өсіп келеді. Қаламызға инклюзивті ортаны дамытуға мүмкіндік беретін бағдарлама, атап айтқанда ерекше қажеттіліктері бар адамдардың объектілерге қолжетімділігін көрсететін цифрлық карта қажет. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жағдай жасалмаған объектілерді қабылдаған жауапты адамдарды қатаң жазаға тарту қажет. Медициналық көмек пен күтімге қосымша қажеттіліктері бар барлық адамды жағдаймен қамтамасыз етуіміз керек: әлеуметтік қызметкерлер қызмет көрсететін аурулардың тізімін мемлекет кеңейтуі қажет. Барлық мүгедектер мен нейропсихиатриялық аурулары бар адамдар қараусыз қалмауы, толық күтіммен қамтамасыз етілуі тиіс. Соғыс пен локальды қақтығыстардың ардагерлері, чернобыльдықтар және Семей ядролық полигонында ұзақ жылдар бойы жүргізілген сынақтан зардап шеккендер де әлеуметтік қолдаудан тыс қалмауы керек.
Меншік иелері әртүрлі себептерге байланысты құқық белгілейтін құжаттарды ала алмай отырған заңдастырылмаған заңсыз жеке тұрғын үйлердің, саяжай кооперативтердің де проблемасы өткір тұр. Осыған ұқсас жағдай бұрын Шаңырақ шағын ауданында қайғылы оқиғаларға әкеп соқтырғанын бәріміз білеміз. Жақында ғана жүргізілген автокөлікті заңдастыру шарасына ұқсас тұрғын үйді заңдастыру мәселесі бойынша бір реттік акция қажет деп ойлаймын.
Балалар спорты және мәдениеті саласындағы жан басына шаққанда қаржыландырудың Аrtsport бағдарламасы арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бағдарлама жұмысы қоғамымызда көп сауал туғызды, сондықтан жағымсыз тұстарды жойып, бағдарламаны жаңа форматта қайта бастау қажет деп ойлаймын. Бұл мәселеде қатысушыларға қатаң талаптар қою, қызмет көрсетушілерге жеңілдіктер жасау (жалдау ақысы), қызмет көрсетудің жариялылығы мен ашықтығы қажет. Ата-аналар және балалармен орнатылған байланыс балаларға көрсетілетін қызметтердің сапасын тексерудің ең бірінші көрсеткіші болуы керек.

Экология, құрылыс
Күн тәртібіндегі экология мәселесі де қала тұрғындары үшін ең маңызды проблеманың бірі. Нүктелік құрылысқа, ағаштарды жаппай шауып-кесуге және тау беткейі мен бөктеріндегі құрылыстарға қарсы күресті жалғастыру қажет. Оған қоса, 2-ші жылу-электр орталығын газға ауыстыру мерзімі кешіктіріліп жатыр.
«Самұрық-Энерго» мен Үкімет дұрыс менеджмент жүргізген жағдайда біз баяғыда таза ауамен дем алып отыратын едік. Алматыға көршілес – Қарасай, Талғар және Іле аудандарында 20 мың үйге газ жеткізілсе, экологиялық жағдай әлдеқайда жақсаратын еді! Үкімет пен «Самұрық-Қазына» тұрмысы төмен отбасыларға үйлеріне газ тартуға субсидия беруі және газ құбырларын тартуға және газ жабдықтарын орнатуға кредит беруі тиіс. Олай етілмесе, Алматыдағы «көк түтіннің» мәселесін шешкенімен, облыстағы транзиттік көк түтіннің мәселесі қала береді.
Кезінде ағашы да көп, ауасы да таза болған Алматымыз көгалдандыра түсіп, жол бойына ағаштар отырғызуды жалғастырып, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын бойлай бұта ағаштар отырғызуымыз керек. Аллергия туғызатын ағаштарды емес, көпжылдық ағаштарды көптеп отырғызу, жергілікті ағаштардың көшеттерін отырғызу қажет. Сондай-ақ оларды әр жерге отырғыза бермеуіміз керек, оған қоса сау ағаштарды заңсыз кескендерді жазалауды күшейтуіміз қажет.
Шұғыл шешуді қажет ететін тағы бір проблема қалдықтарды басқару мәселесі. Қоқысты шығару, оларды қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша жаңа стандарттар әзірлеу, қайта өңдеу кәсіпорындарын, қайта өңдеу пункттерін құру, қалдықтарды тереңдеу сұрыптау мәселесін қолға алатын кез жетті. Сонымен қатар балалардың бойына экологиялық мәдениетті балабақша мен мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру қажет.

Жаңартылатын энергия көздерін барлық жерде қолданысқа енгізу қажет. Жел генераторлары, сондай-ақ күн панельдері Алматыда және республика бойынша зиянды ауа шығарындыларын 40-50%-ға қысқартуға қабілетті. Үйлерді, әкімшілік ғимараттарды және басқа да объектілерді жылыту Қазақстан бойынша экологияны әлдеқайда жақсартуға мүмкіндік береді. Энергетика және экология саласындағы сарапшылар осы мәселе бойынша сәйкес сараптама жүргізуге дайын.

Қала экономикасы. Тауларды аласартпай даланы асқақтатайық!
Алматы республикалық бюджеттің негізгі доноры болып табылады, атап айтқанда 2022 жылы біздің қаламыз бюджетке 4,1 трлн теңге салық аударды. Біз кәсіпкерлер үшін жағдай жасай отырып, қаланың экономикалық қызметін жандандыруға тиіспіз. Арнайы салық режимдерін қолданатын микро және шағын бизнесті салықтан босату үрдісін 2-3 жылға ұзарту қажет. Ұзақ карантин мен қаңтардағы оқиғалардан кейін бизнес әлі де есін жинай алмай отыр.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды заңдастыруды ұсынамын. Нақты іс жүзінде жұмыс істейтін шағын бизнес салық төлей бастайды, көлеңкеден шығады және қажетіне қарай несие ала алады.
Өнеркәсіп одан әрі өсуі үшін электр энергиясын өндіру, сумен жабдықтау мен кәріз желілерінің қуаттарын арттыру керек.
Алматымызда туристік сала жүйесіз дамып келеді, соның салдарынан демалыс және мереке күндері халық көп жиналатын орындарда адамдар сапырылысып кетеді. Туристер мен қала қонақтары баратын жаңа орталықтар құру, олардың адам қабылдау мүмкіндіктерін кеңейту керек.
Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі жұмыс істемей тұрған кеңеске қайта дем беріп, мегаполис пен қала маңын дамыту жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізу қажет.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоғамдық көлік және жол инфрақұрылымы
Қаламыздағы Бостандық, Медеу және Наурызбай аудандарында ауыз су проблемасы жиі орын алады, сондықтан ол аудандарға ауыз судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету керек. Оған қоса, бұл шарашылық аудит жүргізуге және желілерді реконструкциялауға мұқтаж. Су бұру жүйесінің де жағдайы сын көтермейді: қала тұрғындарының жағдайы үшін осы инфрақұрылымды жаңарту қажет. Әрі қаладағы ассенизаторлық машиналар үшін жаман суларды төгетін жалғыз нүкте бөлінген, ал іс жүзінде қаланың жоғарғы бөлігінде 2-3 нүкте ұйымдастыру қажет.
Кезінде Алматының көркі болған арықтарды қалпына келтіру керек. Қазір ол жерлерге тек жаңбырдың суы ғана ағып жатыр, мегаполиске сарқын суды тазартатын дренаж жүйесі қажет.
Мысалы, Әл-Фараби даңғылы қала ішімен өтетін үлкен тас жолға айналды да, кептелістен көз ашпай қалды. Ол жердегі көліктердің ағынын реттеу қажет. Осы проблеманы шешу үшін мен әл-Фараби даңғылы арқылы өтетін және Алматының Қаскелең, Талғар және т.б. серік қалаларына дейін созылатын SkyTrain жеңіл рельсті жерүсті көлігін іске қосу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Сондай-ақ, BRT оң тәжірибесін одан әрі кеңейтіп, жаңа экологиялық таза автобустар сатып алу қажет.
Меншік иелерінің мүдделерін және жалпы үй және аула шаруашылығын басқару нысанын таңдау құқығын ескеретін тұрғын үй реформасы қажет. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қазіргі заңнама өте шикі, оны Парламентте пысықтау қажет.
Басқарушы компаниялармен жұмыс істейтін мүлік иелері бірлестігінің қызметіне тағы бір кедергі - ҚҚС төлемі. Мен тұрғын үй иелерін үйлер мен аула аумағының жағдайын сақтауға бағыттауға болатын қосымша салықтарды төлеуден толығымен босатуды ұсынамын.

Қауіпсіздік және құқықтық тәртіп
Қоғамдық кеңістікті жоспарлау жұмысында ұжымдық бақылау принциптерін ескеру, «камера көрмейтін жерлерді» азайту керек, бақылау камераларын көптеп орнату әйелдерді, балалар мен қарттарды қорғай алады.
Алматының ықтимал төтенше жағдайларға дайындығын күшейту керек, атап айтқанда: азық-түлік резервін құру, адамдар паналайтын қорғаныс жайларға, тұрғындар жиналатын орындарға тексеру жүргізу, шұғыл ден қою жөніндегі нұсқаулықтарды әзірлеу және қала тұрғындарын жаппай оқыту қажет. Алматы маңындағы тау бөктері мен тауларда орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың электрондық картасы да керек. Оған қоса, қаламызда орын алатын төтенше жағдайлар мен оқиғаларды еңсеру үшін халық жасақтары құрылуы тиіс.
Қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін факторлардың бірі көшелерді жарықтандыру. Қараусыз жатқан иесіз желілерді қайтару жұмысын жандандыру, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар мен велосипед жолдарын жарықтандыру жұмысын жақсарту қажет. Сондай-ақ, оларды күтіп-ұстау шығынын арзандату үшін шамдарды унификациялау қажет.

Сот жүйесі
Сот-құқықтық жүйесі әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуі тиіс, адамдардың тағдырын көбіне кулуарда шешіп қоятын сотты да көріп жүргеніміз ащы шындық. Барлық сот отырыстары, соның ішінде менің әріптестерім журналистерге қатысты сот отырыстары ашық және жария түрде өтуі тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдарына, мысалы, тыңшылық пен мемлекеттік сатқындыққа қатысты процестерден басқа сот процестерін жариялауға тыйым салуға болмайды.
Алматыда аудандық судьяларды сайлау бойынша пилоттық жобаны қолға алуды ұсынамын, бұл қазақстандықтардың сотқа деген сенімін арттыратыны және теңсіздік мәселелерін шешуге мүмкіндік беретіні анық.

Құрметті алматылықтар!
Біздің қаламызда біраз проблемалар қордаланып қалған, жалпы оларды шешу үшін Алматының ерекше мәртебесі туралы заңды күшейту және аясын кеңейту қажет. Мегаполисті тұрақты дамыту үшін жергілікті және республикалық бюджеттерге трансферттер бөлу мәселесін шешу қажет.
Мен Қазақстан билігінің жоғары эшелондарында олигархтар мен қылмыскерлердің қитұрқы әрекеттеріне қарсы тұра білдім, өзімнің адал екенімді дәлелдедім, сот арқылы өзімді ақтап алдым. Мен Сөз бостандығын ту етіп мақтанышпен көтере білдім!
Әділдік, Прогресс және Теңдік - менің өмірлік ұстанымдарым.
Сырттан жай қарап, істің насырға шапқанын күтіп тұруға болмайды! Әрекет ететін кез келді! Ниетті Амалға жалғастыратын уақыт келді!
ZhasA!
Мәжіліс депутаттығына кандидат Әсет Матаевтың сайлауалды бағдарламасы
Made on
Tilda